Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 2026 жылғы Жолдауында экономиканың нақты секторын дамыту, отандық өндірісті өркендету және ауыл шаруашылығының әлеуетін тиімді пайдалану міндеттеріне басымдық берді. Бұл ретте ауыл кәсіпкерлігін қолдау, өндіріс көлемін арттыру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету маңызды. Осы бағытта Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Абдашим» шаруа қожалығы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Кәсібін үй іргесіндегі шағын диқаншылықтан бастаған шаруа иесі бүгінде бір гектар аумақта заманауи жылыжай шаруашылығын жолға қойған. Кореялық технология негізінде салынған жылыжайда жылына екі рет өнім алынады. Көктемгі маусымда қызанақ пен қияр өсірілсе, күзде қырыққабат егіледі. Осылайша, шаруашылық жыл бойы өнім өндіруді жолға қойып, жергілікті нарықты сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге үлес қосып отыр.
Бүгінде жылыжайда 10-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өнім жинау науқаны кезінде қосымша жұмыс күші тартылады. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналып, жергілікті жерде жұмыспен қамту мәселесін шешуге де септігін тигізуде.
Кәсіпкердің айтуынша, қазіргі таңда жылыжайдағы күзгі қырыққабат пісіп-жетілген. Биыл бір гектар аумақтан 20-25 тоннаға жуық өнім жинау жоспарланып отыр. Жиналған көкөністер Кентау және Түркістан қалаларындағы сауда орындарына жеткізіліп, тұтынушыларға ұсынылады.
Өндіріс көлемін арттыруды көздеген кәсіп иесі алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта қосымша 3 гектар жерге жылыжай салу жұмыстарын қолға алған. Бұл бастама өнім көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік береді.
Жалпы, «Абдашим» шаруа қожалығының жұмысы ауыл шаруашылығында заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, шағын кәсіпті табысты өндіріске айналдырудың жарқын үлгісі. Мұндай бастамалар ауыл экономикасын жандандырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.



