Шортанбай Қанайұлы атындағы №2 жалпы орта мектебінде Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Салтанат Атабекқызы атындағы сынып ашылды. Қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасы ұйымдастырған салтанатты шараға Төлеби, Созақ, Бәйдібек аудандық әжелер алқасының төрайымдары мен мүшелері, қалаға қарасты Шорнақ, Ащысай, Хантағы, Абай, Бабайқорған ауылдарының әжелері мен ұлағатты ұстаздар қауымы қатысты.
Арнайы жасақталған сынып бөлмеде Салтанат Атабекқызының марапаттары мен мадақтамалары, авторлық кітаптары мен жеке кітапханасындағы кітаптары қойылған. Қабырғаға ілінген үлкен көрнекілікте қоғамдық жұмыстарда берілген куәліктері мен фото суреттері ілінген. Өмір жолы мен еңбек жолы жазылған.
Салтанатты шарада қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов ардагер ұстаздың қаланың дамуына қосқан үлесі жоғары екендігін жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің хатшысы Балзия Тәжібаева жайдары жанның қоғамдық жұмыстардағы белсендігін айтып, естеліктерімен бөлісті. Облыстық ардагерлер кеңесінің атынан туыстары мен бауырларына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратша Төнтеков пен әжелер алқасының төрайымы Роза Жұмабаева асыл жанның әрбір игі ісін сөз етіп, қаланың дамуына қосқан үлесін кең көлемде айтып өтті.
Кентау қаласының Құрметті азаматы Исахан Жұмабаев бірге қызмет еткен жылдардағы жарқын сәттерді әңгімеледі.
— Атабек Салтанат Атабекқызы зейнеткерлікке шыққан соң, қаланың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, «Қазақ тілі» қоғамының, Республикалық мұсылман әйелдер қоғамының қалалық бөлімінің төрайымы болды. Өмірінің соңына дейін Кентау қалалық «Ардагерлер» ұйымының жанынан құралған «Әжелер алқасының» төрайымы болып, ұмыт болған салт-дәстүрлерді, отбасылық құндылықтарды, ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру, елжанды, жан-жақты жетілген ұрпақ тәрбиелеу үшін, отбасы тұтастығы мен беріктігін сақтау бағытында насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғам тұрақтылығын сақтауға қомақты үлес қосты. Бірнеше рет облыстық деңгейде әдістемелік семинарлар өткізіп, жоғары бағаға ие болды, — деді Исахан Жұмабайұлы.
Салтанат Атабекқызы — Кентау қаласының Құрметті азаматы, 1981 жылы Қазақ ССР оқу министрлігінің Республикалық кәсіподақ ұйымының мемлекеттік «Құрмет» грамотасымен, 2005 жылы «Кентау қаласына 50 жыл» мерекелік медалімен, 2011 жылы «За заслуги образования» мерекелік медалімен, «Ассамблеяның 20 жылдығы» медалімен марапатталды.
Іс-шара барысында Салтанат Атабекқызының өміріне арналған бейнеролик көрсетілді. Көпшілік кітапхана ұжымы дайындаған кітап көрмесін тамашалады.
Қалалық мәслихат депутаты Талғат Садуов, ардагер ұстаз Бибі Дәрібаева және өзге де замандастары сөз сөйлеп, ардагер ұстаздың жарқын бейнесінің мәңгілікке жүректерінде сақталатындығын жеткізді.
Кентау қаласының Құрметті азаматы, ардагер ұстаздың әпкесі Рысты Атабекқызы игі іске ұйытқы болған көпшілік қауымға отбасы атынан алғысын білдірді.