Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз.
2021 жылы Тәуелсіздігімізді алып, Егемен ел атанғанымызға 30 жыл толады. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, отыз жыл — аса көп уақыт емес. Десе де, Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, жаһан жұртына қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары — Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», — деп Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап өтті.
Қазір бұл күн Қазақ халқы үшін ұлы күн, әрі қайғылы, әрі бақытты күн. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы Қазақ халқында бұрын болмаған ең ауыр да, әділетсіз көтерілістің бірі. Ақиқат жолы ауыр, шындықтың соқпағы шырғалаң екеніне елімізде ғана емес, кешегі Кеңестер Одағында, тіпті әлемдік ауқымда айрықша бетбұрыс нышаны болған 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі айқын дәлел. Сол бір ызғарлы уақыттан бері көп жылдар өтті.
1986 жылы желтоқсанда Кеңес үкіметінің шешіміне қарсы шыққан қазақ жастары Алматыда алаңға шықты. Алайда Алматыдан бастау алған жастар қозғалысының еліміздің басқа да аймақтарында, атап айтсақ Қарағанды, Жезқазған, Семей, қалаларында, Ақмола облысы секілді аймақтарда жалғасын тауып, жалпы бұқаралық сипат алғандығын көпшілік біле бермейді. Сол кездері Алматыдан басқа жерлерде де бас көтерген қазақ жастары оқудан шығарылып, қызметтен босатылып, сотталып жатқан еді. Желтоқсаншылардың бәрі де бір-бір батыр еді. Олар қара бастарының қамын ойлаған жоқ. Сол бір желтоқсандағы небір сұмдықтарды көзімен көргендер де бар.
Жуырда Кентау қалалық орталық кітапхананың «Білім» орталығында Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орай «Тарихы құнды, болашағы нұрлы Қазақстан» атты Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешке «Желтоқсан-86» қоғамдық ұйымының төрайымы Рахима Өтебаева және Гүлнар Амалова қатысты.
Шара барысында оқушылар желтоқсан кәугерлеріне сұрақтар қойып, соңы ашық әңгімеге ұласты.