Түркістан облысында құрылыс саласы едәуір дамып, нәтижесінде құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, 322,9 млрд. теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд. теңге болатын. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде құрылыс және өңірдің инфрақұрылымын дамыту бағытындағы көрсекіштер мен жұмыстарға тоқталды.
– Жаңа облыс құрылған 4 жыл ішінде өңірде құрылыс қарқыны арта түсті. Былтыр 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2022 жылдың басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 191,5 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 17,7%-ға артты. Биыл құрылыс жұмыстары 329,3 млрд. теңге мөлшерінде болады деп жоспарланған. Облыста тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 855 мың шаршы метр болып белгіленді, – деген Өмірзақ Шөкеев өңірді газдандыру, ауыз сумен, электрмен қамту мәселелеріне де тоқталды.
2021 жылы 8 елді мекенде су құбыры қайта жаңартылып, 20 елді мекенге жаңа ауыз су құбыры тартылған. Нәтижесінде 717 елді мекен немесе 1 млн. 932 мың адам (94,5%) ауыз сумен қамтылған. Биыл 14 елді мекеннің су құбыры қайта жаңартылып, 13 елді мекенге жаңа ауыз су құбырын тарту жоспарланған. Сол арқылы 730 елді мекенді немесе сумен қосымша қамту көзделуде.
Облыста газ саласы бойынша 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ге жетті (1 млн. 374 мың адам немесе 67,2%). Биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде, 33400 тұрғыны бар 15 елді мекен мен 4 мөлтек аудан газға қосылмақ. Осы жұмыстар нәтижесінде 472 елді мекен немесе 1 млн. 407 мың адам «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алады. 14 автоматтандырылған газ тарату станциясы салынды.
2021 жылы 32 мың тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 39 мыңға жуық тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылады.