Қант қат бола бастағанына бірнеше ай болды. Дәл қазір тосап жабу науқаны. Сондықтан, қант бағасының шамадан тыс шарықтауына тұтынушылардың наразылық білдіруі түсінікті жәйт. Сондықтан, билік тарапынан оның бағасының тұрақтануына байланысты көптеген шаралар атқарылуда.
Айталық, қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд. теңгені құрайтын 5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Тұрақтандыру қорының есебінде құны 327,6 млн. теңгені құрайтын 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қоса қосымша 1 млрд. теңге бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі сатып алынбақ.
Сондай-ақ, тұрақтандыру қорын толықтыру үшін 136 тонна қант сатып алынды. Бұдан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» 1000 тонна қантқа өтінім жолданған.
Жайылым жер көлемін арттыру бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. 2021 жылы 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жер ортақ жайылым үшін бекітіліп берілді. Тиісті қолдаулар арқылы мал мен құс басы 3-4%-ға көбейген.
Биыл өңірде 3,1 млн. тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдерін жинау, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 998,3 млрд. теңгеге, өсім қарқынын 104%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Облыстық азық-түлікті тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева әлеуметтік дүкендерде құмшекердің әр келісі 335 теңгеден саудаланып жатқанын алға тартады. Тұрақтандыру қорында 425 тонна қант бар екенін де айтады. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Абай Шеңгелбаевтың да айтуына қарасақ, қазіргі уақытта қантқа тапшылық байқалмайды, азық-түлік бағасы бақылауға алынған. Қант бағасының өсуін тоқтату мақсатында кешенді жұмыс жоспары түзілген. Облыс жұртшылығы үшін апта сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме жеткізушілердің жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатыр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін және оның алдын алу үшін ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар, 30 сауда нүктесінде азық-түлік тауарларын төмен бағамен сату мақсатында «әлеуметтік бұрыштар» ашылып, жұмыс істей бастады. Облыс орталығында және аудандар мен қалаларда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар құрылып, жұмыс жүргізуде. Топ мүшелері бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға арттыруға жол бермеу үшін сауда орындарымен және дүкен иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізуде. Реті келгенде айталық, қанттың тапшылығына байланысты елімізде ірі өндіріс орындары өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Мәселен, бүгінде отандық ең ірі «Рахат» фабрикасы өзінің Шымкенттегі филиалының жұмысын тоқтатты. Тәттіні көп қажет ететін «Барбарис», «Ирис» өнімдерін де шығаруды тоқтатылды. Бұл екі конфетке де тұтынушылар тарапынан сұраныс көп еді. Біздіңше, аталған кәсіпорындар Қазақстанның ішкі нарығындағы бар қантты сатып алса да, өз жұмыстарын алаңсыз жалғастыруына бұл қор жеткіліксіз көрінетін сияқты. Тәтті нанның түр-түрін сатып, нәпақасын тауып отырған шағын кондитерлердің ертеңгі күні де алаңдатады. Осы саладан нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлердің біразын қанттың қымбаттағаны ойландырып тастады. Дәл қазір Түркістандағы «Қуаныш» базарында бір келі қант 750-800 теңге, ЭКО-базарда 335 теңгеден саудалануда.