2025 жылға дейін 250 елдімекенге газ құбырып тартып, 722 елдімекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету көзделуде. Яғни, облыс тұрғындарының газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 87,6 пайызға жеткізу жоспарлануда. Осы мақсатта бүгінде өңірімізде бірқатар шаралар қолға алынған. Айталық, 252 нысан пайдаланушы ұйымның теңгеріміне өткізілді. Газбен қамтамасыз етілген елді мекендердің жалпы саны 457-ні құрауда. Яғни, газбен қамтамасыз етілген тұрғындардың саны 1 млн. 374 мың адамға жетті.
Сонымен қатар, биыл 50 нысанның құрылысы жүргізілуде,
33 400 тұрғыны бар 15 елдімекен мен 4 мөлтек ауданға, оның ішінде Шардара қаласына газ жеткізу жоспарлануда. Осы аталған жұмыстар өз деңгейінде атқаралытаны болса, 472 елдімекен, яғни 1 млн. 407 мың тұрғын «көгілдір отынды» пайдалануға мүмкіндік алатын болады.
Қазіргі таңда өңірімізде 14 АГРС салынды, оның ішінде 10 нысан жұмыс істеп тұр, 3-і биыл іске қосылады деп күтілуде. Ал, 1 нысан келер жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысын газдандыру деңгейі 67,2%-ды құрауда. Бұл – 1,4 млн. адам «көгілдір отынға» қол жеткізді деген сөз. 2021 жылы газ инфрақұрылымының 55 жобасын іске асыруға 7,9 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2021 жылы 5 жоба аяқталған. Бұл 7 елді мекенді, шамамен 18 мың адамды «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, өңірді газдандыруды жалғастыру үшін 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 23,3 млрд. теңге көлемінде қаражат көзделген. Бекітілген бюджетке сәйкес, 2022 жылы 10,2 млрд. теңгеге 39 жобаны іске асыру қарастырылған, оның ішінде биыл 24 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Бұл газға қосымша 31 елді мекен, яғни 41 мыңнан астам адам қол жеткізеді деген сөз.
Жақында Отырар ауданындағы Ынталы ауылдық округінде табиғи газ жүйесі толықтай тексеруден өткізіліп, тұрғын үйлерге жеткізілді.
– Табиғи газ Ынталы және Мыңшұқыр елді мекендеріне келіп жетті. Енді монтаждау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындар құжаттарын толықтай дайындап, газ жүйесін тұрғын үйлерге қосу ғана қалып тұр.
ҚР Президентінің ауылдық аймақтарды дамыту, елдің әл-ауқатын жақсарту, сапалы ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді, – деген аудан әкімінің орынбасарыЖансұлтан Сейітжанов.
Тұрғындар да игі іске дән риза. Қыс бойы пеш жағып, үйлерін жылытуға 4-5 тонна көмір жағып, әжептәуір шығынданатын тұрғындар енді ол машақаттан құтылды.
Ал, Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ пен Бестоғай ауылдарындағы 300-ге жуық отбасы ендігі жерде көмір тасып, күл шығармайтын болды. Осылайша Мыңбұлақ ауылдық округіндегі екі елді мекен тұрғындарын «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге қатысты туындаған мәселелер толығымен шешімін тауып отыр. Бәйдібек ауданында 2015 жылы магистральды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, аудан орталығына газ берілген болатын. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған екі ауылды қосқанда аудандағы 11 ауыл табиғи газды тұтынып отыр. Осы айдың соңына дейін Жүзімдік, Ақбұлақ, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Мәдениет және Ынтымақ ауылдарына газ беріледі деп жоспарлануда. Одан бөлек қазіргі таңда бес елді мекенді газдандыру бойынша қолға алынған жұмыстары жүргізілуде.
– Облыста 22 елді мекеннің халқы «көгілдір отынның» қызығын көре бастады. Бұл – облыс экономикасына қосымша қуат беріп, халықтың күнделікті өмірін өзгерткен үлкен жаңалық болды. Кезең-кезеңімен басқа да елді мекендерге газ жеткізу жұмыстары жалғасады, – деді Өмірзақ Шөкеев.
– Халықтың тығыздығына байланысты біздің негізгі тұтынушыларымыз осында. Сондықтан осы өңірге аса үлкен көңіл бөлеміз. Мұнда газ тасымалдаудың ірі нысандары орналасқан. Осы өңір арқылы ірі газ магистральдары өтеді. Ендігі кезекте алдымызда «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші жүйесін құру ісі тұр, – дейді«QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Сауран ауданына қарасты Теке, С.Қожанов, Н.Оңдасынов және Б.Жалаңтөс ауылдарына да газ берілді. Бұл елді мекендерде 1 мыңға жуық үй болса, оның 125-і газды қосуға дайын. Тағы 18 әлеуметтік, 10 коммуналдық нысан орналасқан. Осы айдың соңына дейін барлық 22 елді мекен газға қосылады.
Шардара ауданындағы Қоссейіт, Бәйдібек ауданындағы Мыңбұлақ, Жүзімдік, Бестоғай, Ақбұлақ, Қосбұлақ, Қайнарбұлақ, Мәдениет, Ынтымақ ауылдары мен Сары-ағаш ауданына қарасты Жаңаталап, Ақүй, Құркелес, Дастан, Алғабас ауылдары, Сауран ауданында Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов, Б.Жалаңтөс ауылдары мен Отырар ауданындағы Ынталы, Мыңшұқыр, Қоғам ауылдары табиғи газды тұтынатын болады.
Кентау қаласын табиғи газбен қамту жұмыстары Түркістан қаласын газдандыру тәсілімен жүзеге асатын болады. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Жыл соңына дейін шаһарды 30 пайыз газбен қамту жоспарланған.