Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осыдан біраз уақыт бұрын «Жайылым қорын молайту – өте маңызды әрі жауапты мәселе. Аудан әкімдері жауапты басқармалармен бірлесіп жұмысты жалғастырулары тиіс. Біздің меже – бір миллион гектар жайылымды қайтару. Меморандум арқылы жақсы жұмыс істеліп жатыр. Жер иелері жайылымға мұқтаж жандардың өздерінің ауылдастары екенін түсінулері тиіс. Игерілмей жатқан жерді ешкім бос қалдырып қоя салмайды. Әр ай сайын осы мәселе аппарат отырысында күн тәртібіне енгізіліп тұрсын. Жайылым мәселесі тікелей қадағалауда болады», – деген болатын.
Осыған орай облыста биыл елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012,0 мың гектарға ұлғайту көзделді. Өңіріміздегі елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету бойынша әр айға жеке-жеке жоспар түзілді. Қазіргі таңда бекітілген жоспарды орындау бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Ол жұмыстар екі бағытта жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда есептік мерзімде елді мекен тұрғындары 325,5 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді. Оның 58,5 мың гектары жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жолымен, 267 мың гектары ірі жер пайдаланушылар мен (орман қорын қоса алғанда) меморандум арқылы алынды.
Өткен жылы құрылған жұмыс тобы тарапынан аудан, қала әкімдіктері бойынша жайылым жер учаскелерінің мақсатына сай пайдаланылуына зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде 476,2 мың гектар жайылым жер мақсатына сай пайдаланылмағандығы анықталды. Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жер пайдаланушыларға хабарлама беріліп, қазіргі таңда сол жерге қайта зерттеу жұмыстарын жүргізілуде.
Өңіріміздегі аудандар жайылым мәселесін шешуге қатысты бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, Ордабасы ауданындағы Ақсары ауылының жайылымы мәселесі туралы іргелес орналасқан жайылымдық жерлерді пайдаланушылармен келіссөздер жүргізілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, Байжан Маханбетовке тиесілі 289 гектар жер учаскесінің ішінен 285 гектар жері, «AIKOM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі 150 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жер учаскесінің 100 гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Ордабасы ауданы әкімдігінің арнайы қаулысымен жоғарыда аталған 385 гектар жер Ақсары ауылының ортақ жайылымы ретінде бекітіліп берілді.
Ал, Келес ауданындағы Шынар ауылының 30 гектар жайылым жер мәселесі туралы облыстық «Жер аманаты» комиссиясы құрылғалы бері арыздар көптеп түсті. Тұрғындардың шағымы заң аясында қаралуда. Аталған жерді суармалы түрінен жайылым түріне ауыстыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жолданды. Жалпы бұл ауданда 417 мың гектардан аса жайылым жерге мұқтаждық бар. Осы проблеманы шешу мақсатында биыл ауданда 88200 гектар жерді қайтару жоспарланған. Осыған байланысты 27600 гектар жерді қаулымен ортақ жайылымға бекіту, 60600 гектарға меморандум құру жөнінде үш жақты келіссөздер жүргізілді.
Ал, Сарыағаш ауданында жер пайдаланушылардың егістік жерлері егіннен босағаннан кейін ауыл тұрғындарының малдарын жаюға беруге келісім жасалып, осы мақсатта 54 589 гектар жерге меморандум түзілді. Ендігі кезекте егіннен босаған аумақтарда ауыл тұрғындары кедергісіз мал жаюға мүмкіндік алып отыр. Биыл бұл аудан бойынша 3219 гектар жер учаскесі ауылдық округтердің қосымша ортақ жайылымдарына берілді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қосымша 1000 гектарға жуық жер учаскесін ортақ пайдаланудағы жайылымға беру үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.Айта кетсек, қазіргі таңда аудан аумағындағы 71 елді мекеннің жер-шаруашылық жоспарларына сәйкес барлығы 28262 гектар жер ортақ жайылымға бекітілген. Елді мекендердегі ортақ жайылым жерлерді ұлғайту бойынша жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауымен жүзеге асырылады.
Реті келгенде айта кетейік, Сайрам ауданында бұл мәселе әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Ауданға қарасты Қарамұрт елді мекеніндегі жер мәселесі туралы 117 азамат қол қойған ұжымдық арыз келіп түскен болатын. Облыстық комиссияның мүшелері 22 шілдеде арызданушылармен Қарамұрт елді мекеніндегі Мәдениет үйінде арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында арызданушылар Сайрам аудандық полиция басқармасы мен аудандық прокуратураға және сот органдарына шағымданғандарын, бірақ одан ешқандай нәтиже шықпағанын айтып, бұл мәселені облыстық полиция департаментінің қарауына жолдауды ұсынды. Арыз бойынша азамат С.Ниязметовтің 90 адамның қолдарын өтірік қойдырып, оларды шаруа қожалығынан шығарып жібергендігі, шаруа қожалығындағы консерві цехын, қоймасын және т.б. мүліктерін заңсыз иемденіп алғандығы анықталды. Партияның араласуының нәтижесінде облыстық ішкі істер департаменті ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігімен С.Ниязметовке қатысты қылмыстық іс қозғады.