Түркістан облысында 2025 жылға дейін 841 елдімекенді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінде өңіріміздегі 831 елді мекеннің 712 елді мекені (7 қала, 705 ауылдық елді мекен), яғни 85,7 % ауыз сумен қамтамасыз етілді. Нақты айтар болсақ, 7 қалада 431,0 мың адам, 705 елдімекенде 1 540,7 мың адам ауыз сумен қамтамасыз етілді. Дегенмен, облыстың 19 ауылдық елді мекені, яғни онда тұратын 100,9 мың адам әлі де орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Оның ішінде, 71 елдімекенге су құбырларын жүргізу жоспарлануда. Айта кетейік, халық саны 200-ден төмен 48 елдімекенге ҚМЖ жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз әрі бұл елдімекендер шалғайда орналасқан. Сондықтан, мұндай елдімекендерге блок-модуль кешенін (КБМ) орнату көзделіп отыр. Одан бөлек 216 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырларын қайта құру қажеттігі туындауда.
Осындай жұмыстарды жүргізу мақсатында ауыз сумен жабдықтау саласы бойынша 53 нысанның құрылысына ұлттық қор есебінен 18,4 млрд. теңге (ҰҚ-18,2 млрд. тг., ОБ-0,2 млрд.тг) бөлінді. Биыл 53 нысанның 26-сындағы жоспарланған шараларды аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Қалған 27 нысанның құрылысы 2023 жылға өтпелі.
Сонымен қатар, биыл Сарыағаш ауданында – 4, Келес ауданында – 4, Қазығұрт ауданында – 2, Ордабасы ауданында 3 елдімекен ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. 14 елді мекеннің, яғни, Сауран ауданының – 1, Қазығұрт ауданының – 1, Төлеби ауданының – 5, Жетісай ауданының – 2, Мақтарал ауданының – 1, Ордабасы ауданының – 1, Шардара ауданының – 1, Түлкібас ауданының 2 елдімекенінде тозығы жеткен су құбырлар қайта жаңартылады.
Бұйыртса, биыл жыл соңына дейін 831 елді мекеннің 725-сі, яғни 7 қала мен 718 ауылдық елдімекен ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Тарқатып айтар болсақ, 7 қала, 432,7 мың адам, 718 елдімекенде 1 560,4 мың адам ауыз сумен қамтылады.
Айта кетейік, Төлеби ауданының географиялық орналасуына, табиғи-шаруашылық ерекшеліктеріне байланысты ауыз су мәселесі үнемі қадағалауда ұстауды қажет етеді. Жақында ауданының әкімі Төлеген Телғараев Қасқасу ауылдық округі, Керегетас елді мекеніндегі ауыз су құбыры құрылысының барысымен танысты. Мұндағы құрылыс жұмыстарын мердігер мекеме «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС жүргізуде. Бүгінде бұл елді мекенге 27 шақырым су құбыры тартылған. Барлығы 110 құдық қазылып, көлемі 150 текше метрді құрайтын 2 резервуар қойылыпты. Жаңғақты бұлағының басынан суаққы тартылуда. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған соң Керегетас және Қасқасу елді мекендеріндегі 140 абонент ауыз сумен қамтылатын болады деп күтілуде. Аудан басшысы Алатау ауылдық округіне қарасты Нысанбек елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесіндегі құрылыс жұмыстарының да қарқынды жүріп жатқанына көз жеткізді. Аталған нысанда «СтройЖолСервис KZ» ЖШС 150 текше метрден екі резервуар орнатып, тау бөктеріндегі Қайнар бұлағынан құбырлар тартылған. Бұлақ басынан 130 диаметрлі ауыз су құбырынан 90 текше метр су келеді деп жоспарлануда. Нәтижесінде Нысанбек елді мекеніндегі 144 абонент тіршілік нәріне қол жеткізеді.
Сумен жабдықтау жүйелерінің сырты қоршалған. Бактерицидтік қондырғылар орнатылып, орналасқан аймағында түнгі жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған аймақты күзететін қызметкердің жұмыс орны да салынуда. Мердігер мекемелер қосымша резервуар айналасын бетондап, жолды тегістеген. Енді асфальт төсеу қажет.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы бұлақ көздері мен жерасты су ресурстарына зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Тиісті мамандар ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, жұмыс істеуде.
Айта кетейік, қазіргі таңда Сарыағаш ауданында да тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар қолға алынған. Мәселен, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Бостандық елді мекенінде ауыз су мұнарасының және құбырларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жалпы ауданда елді мекендердің 60,2 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Тұрғындарды таза тіршілік нәрі – ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Аудан басшысы Мұхит Баймұханбетұлы атқарылып жатқан осынау жұмыстармен танысып, алдағы уақытта жауапты мердігерге құрылыстың сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімде аяқталуын тапсырды. Айта кететін жәйт, бүгінгі таңда шалғай ауылдарда ұңғыма қазылған. Құбыр бар бола тұра түрлі себептермен ауыз су келмейді. Қазіргі таңда елді мекенге мердігер мекеме «А.S. ИнвеСтрой» ЖШС тарапынан 37 шақырым су құбырлары жүргізіліп, ауыз су құдықтары мен су қоймалары орнатылған. Жалпы, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін елді мекендегі 513 абонент, яғни 3956 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Жергілікті тұрғындар осы жылдың желтоқсан айына ауыз сумен толық қамтылмақ.
Жалпы облыстағы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген 119 елдімекенде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтейік. Қазіргі таңда 23 елдімекенде, тарқатып айтар болсақ, Ордабасы ауданында — 6, Қазығұрт ауданында — 3, Келес ауданында — 4, Сарыағаш ауданында — 8, Отырар ауданында — 1, Бәйдібек ауданында 1 елдімекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 4 елдімекенде, яғни Отырар ауданында — 2, Төлеби ауданында — 1, Сауран ауданында 1 ЖСҚ-ға сараптама қорытындысы алынып, қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджетке ұсынылды.
2015-2021 жылдар аралығында облыста 240 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілген еді. Қазіргі таңда одан бөлек 42 елдімекенге геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 88 елді мекеннің жер асты су қорын бекіту үшін ЖСҚ әзірленуде. Бүгінде ауыз сумен қамтамасыз ету саласы бойынша 33 нысанның ЖСҚ әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Оның ішінде, 14 нысан жаңадан ауыз сумен қамтылатын елдімекен болса, қалған 19 нысан қайта-құрылатын елді мекендер мен мөлтек аудандардың су жүйелерінің құрылысы болып табылады.
Аталған жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстың бюджеттен 18 нысанға қаржы қарастырылды. Оның 10-ы жаңадан қамтылатын елдімекен болса, 5-еуі қайта құрылатын елдімекен. Ал, үшеуі мөлтек аудан болып табылады.
Аудан, қала әкімдіктері тарапынан жалпы 39 нысанның ЖСҚ әзірленуде. Оның ішінде, 16 нысан жаңадан ауыз сумен қамтылатын елді мекен болса, қалған 48 нысан қайта-құрылатын елді мекендер мен мөлтек аудандардың су жүйелерінің құрылысы болып табылады. Аталған жобаларға сараптама қорытындысын ағымдағы жылдың соңына дейін алынады деп күтілуде.
Облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2022-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Соған сәйкес, облыстағы 119 елді мекенді, яғни 100,9 мың халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету, 216 елді мекенің тозығы жеткен су құбырларын қайта-құру жоспарланған. Оған қажетті қаржы көлемі 123,8 млрд. теңгені құрайды.



