Түркістан облысында 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымы штаттық режимде. Орталықтандырылған жылумен көпқабатты 626 тұрғын үй және 2561 бюджеттік мекеме қамтылған. Жалпы облыста 7 аудан мен қалаларда 20 орталықтандырылған жылу қазандығы мен 1 жылу электр орталығы бар (Кентау – 1 ЖЭО, Түркістан – 11, Арыс – 2, Отырар – 2, Төлеби – 2, Сарыағаш – 1, Созақ – 2).
Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 265,8 шақырым (магистралды – 84,7 шқ., ішкі орам – 181,1 шқ.), тозығы жеткені 88,6 шақырым 33,3% (магистралды – 28,7 шқ. 33,8%, ішкі орам – 60 шқ. 33,1%). Айта кетейік, №5 ЖЭО «Кентау сервис» МКК-нің 85 пайыз, Түркістан «Жылу» МКК-нің 18 пайыз, «Арыс жылу» МКК-нің 22 пайыз, «Отырар жылу» МКК-нің 24 пайыз, «Леңгір су» МКК-нің 28 пайыз, «Сарыағаш-Тұрмыс» МКК-нің 67 пайыз, «Шолаққорған су» МКК-нің 8,7 пайыз тозығы жеткен.
— Облыс көлеміне жалпы көмір отынының қажеттілігі 907,6 мың тонна, тасымалданғаны 807,2 мың тонна немесе 90%. Оның ішінде, коммуналдық — тұрмыстық қажеттілігі 249,2 мың. тонна, тасымалданғаны 207,7 мың тонна немесе 83,3 пайыз.Тұрғындардың көмірге қажеттілігі (жылы жайлар мен жеке тұрғын үйлер) 658,4 мың тонна, тасымалданғаны 579,0 мың тонна немесе 90 пайыз, — дейді сала мамандары.
Темір жол тұйығы бар елді мекендерде 1 тонна қатты отын бағасы 14 600 – 18 500 теңге аралығында қалыптасуда. Темір жол тұйықтарда жалпы 6370 тонна көмір қоры жинақталған. Оның ішінде, Түркістан қаласында 3300 тонна, Арыс қаласында 270 тонна, Сарыағаш ауданы 1200 тонна, Созақ ауданы 1600 тонна. Аудан қала әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, облыс көлемінде 26 темір жол тұйықтары бар. Темір жол тұйықтарында 26 өңірлік операторлар тасымалдайды.
Реті келгенде айта кетейік, биыл жыл басында облыс әкімі Дархан Сатыбалды «QAZSMARTENERGO» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Данияр Сейтеновті қабылдады. Кездесу барысында өңірде энергетика тапшылығын жою, атап айтқанда, Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығын кеңейтіп, қуаттылығын арттыру жолдары әңгімеге арқау болды.
– Кентау қаласындағы жылу электр орталығын жаңарту, кеңейту жұмыстары бойынша бірнеше инвестордан ұсыныс түсіп отыр. Біз халыққа тиімді жобаны қабылдаймыз. Жоба жүзеге асқанда тұрғындар үшін тариф төмен әрі қолжетімді болуы тиіс. Екіншіден, жобаны мұқият зерделеп барып шешім қабылдаймыз. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, нақтылай түсейік. Әділ әріптестік, адал жұмыс болғаны жөн, – деді өңір басшысы.
«QAZSMARTENERGO» ЖШС-і бас директорының орынбасары Данияр Сейтенов жобаны қысқаша түсіндіріп, компания туралы толығырақ мәлімет бере кетуді жөн көрді. Д.Сейтенов компанияның еліміздің бірнеше өңірінде энергетика саласында ірі жобаларды жүзеге асырғанын, Кентаудағы жылу орталығын дамытуға әлеуеті де, мүмкіндігі де жететінін мәлімдеді. Жалпы бұл компания инвестор ретінде Кентау қаласында жылу орталығы базасында бу-газ стансасын салуды жоспарлап отыр. Қос тарап аталған жоба бойынша тағы да кездесіп, мәселені кеңірек талқылау жөнінде уағдаласты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Кентау қаласында орналасқан №5 жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Мемлекет басшысының былтыр желтоқсан айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жылу орталықтарын жаңғырту мәселесіне үлкен көңіл бөлу керектігін ескерткені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Бүгінде мұнда жылу беру температуралық кестеге сай жұмыс істеп тұр. Орталық жылу жүйесі арқылы 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған. Оның 100-ден астамы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2 мыңнан астам жеке сектордағы үйлер. Сондай-ақ, 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.
«Жалпы бу-газ турбиналы қондырғылар тиімді», — дейді мамандар. Бұл бағытта заманауи орталық салуға қызығушылық танытқан бірнеше инвестормен жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды олармен кездесіп, ұсыныстар талқылануда. Жаңа жылу электр орталығы – тұтынушыларға бір мезгілде электр энергиясы мен жылуды бу және ыстық су түрінде бірге өндіріп беретін бу (газ) турбиналы электр стансасы. Заманауи ЖЭО беретін жылу қызған бу немесе ыстық су түрінде таратылады. Мақұлданған жағдайда жаңа жоба жылу орталығына жақын маңнан салынады.
Жылыту маусымын сапалы өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, төрт қазандығы мен турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы бөлінген. Ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыс жүргізілді. Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизель алуға келісімшарт түзілген. Облыс әкімі қажетті отынмен толық қамтамасыз етуді тапсырды.
Тілге тиек етейік, 1934 жылы салынған №5 ЖЭО-ның негізгі материалдық жабдықтарының 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан екенін ескере жүрейік.