Өңірімізде елді мекен тұрғындарын ауыз сумен қамтуға бағытталған жұмыстары күшейтіліп, жұмыс жоспары қатаң қадағалауға алына бастады. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысылары мен аудан, қала әкімдеріне бірінші кезекте ауыз су мәселесіне баса назар аудару керектігін тапсырды. Сонымен қатар, ауыз суға қатысты жобаларды жеделдетуді міндеттеді.
– Ауыз су мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтауымыз қажет. Елді мекендерді ауыз сумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын, – деді Дархан Амангелдіұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңіріміздегі 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш 86,5 пайызды құрайды. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 13,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оның ішінде
43 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 14 нысанда жүргізілетін құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі болады.
Осындай шаралардың нәтижесінде су құбыры жоқ 17 елді мекен тұрғындары тіршілік нәріне қол жеткізетін болады. Олардың біреуі Бәйдібек, алтауы Сарыағаш, төртеуі Келес, біреуі Қазығұрт, төртеуі Ордабасы, біреуі Отырар ауданында орналасқан. Сонымен қатар, 11 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су құбырлары жаңартылады. Олардың екеуі Бәйдібек, біреуі Қазы-
ғұрт, төртеуі Төлеби, біреуі Мақтаарал, біреуі Ордабасы, екеуі Түлкібас ауданында орналасқан. Мұнан бөлек, қазіргі таңда өңірімізде тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды.
2015-2021 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс бойынша жалпы 267 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілген. Биыл 22 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын аяқтауға, 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға және 15 шекара бөлімшесінің іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінген.
Өңірімізде ауыз су құбырын тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер де бар. Айталық, бүгінде Сауран ауданында сондай үш елді мекен бар. Олар Қаратөбе, 32-разъезд, Егізқара елді мекендері. Аталған елді мекендерде тұрғын үйлердің бір-бірінен шалғайда орналасуына байланысты, оларға ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сондықтан, бұл елді мекендерге кешенді блок модуль орнату көзделуде. Жалпы Сауран ауданындағы 12 ауылдық округте 36 елді мекен бар. Олардың ішінде 32 елді мекен ауыз сумен қамтылған.
Бәйдібекте де 5 елді мекен шалғайда орналасқан. Әрі онда халық саны аз. Олар Қызылжар, Үсіктас, Шұқыршақ, Байжансай, Нұра елді мекендері. Сондықтан, аталған елді мекендерге ауыз су құбырын тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып отыр. Сала мамандары мұндай елді мекендердегі халықты жер асты суын тазартатын кешенді блок-модульдік қондырғылар орнату арқылы ауыз сумен қамту көзделіп отырғанын жеткізді. Бұл шаралар да Түркістан облысының 2022-2025 жылдарға арналған елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарына сәйкес атқарылатын болады.
Реті келгенде айта кетейік, Созақ ауданында 4 елді мекенге ауыз су жеткізу қажеттігі туып отыр. Созақ ауданында 35 елді мекеннің 29-ы (2 кент, 26 ауылдық елді мекен) орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Оның екеуі кент болса, 26-ы ауылдық елді мекендер. Жалпы ауданда барлығы 61715 тұрғын таза ауыз сумен қамтылып отыр.Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 23-іне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған алтауына түзілген кестеге сәйкес берілуде.