Төлеби ауданына 2022 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2545 тонна жеңілдетілген бағада жанар жағар май бөлінген. Жанармайдың босатылу бағасы – 193 теңге. Ақпан айына 110 тонна, наурыз айына 650 тонна, сәуір айына 660 тонна, мамыр айына 780 тонна, маусым айына 345 тонна бөлінген. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге аудан бойынша 112 кәсіпкерге 1530 тонна жанармай берілді.
Күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 2530 тонна жеңілдетілген бағада жанар жағар май бөлінген. Жанармайдың босатылу бағасы – 200 теңге. Шілде айында 455 тонна, тамыз айына 645 тонна, қыркүйек айына 780 тонна, қазан айына 650 тонна жанармай бөлінген. Қазіргі кезде аудан бойынша 74 кәсіпкерге 980 тонна жанармай берілді, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге жанармай босатылуда.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы 234 АШТӨ 1104 тонна минералды тыңайтқыштар алып, егіс алқаптарын үстеп қоректендіру жұмыстарын жүргізді. Ал, облыста көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағармай босатылды. Биыл алдағы сәуір-шілде айларында 459,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. «Жалпы өңірімізде биыл егіс алаңы артып, 860 мың гектарды құрайтын болады» дейді сала мамандары. Қазіргі таңда облыста көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың гектарға артып, 318 мың гектарға жеткізілді. Сондай-ақ, мал азықтық дақылдары, көкөніс, картоп, бақша дақылдары артты.
Бұйыртса, ағымдағы жылы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында ерте пісетін қырыққабат 7,5 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға, пияз 1,9 мың гектарға, картоп 9 мың гектарға егілетін болады.
Тауар айналымы бойынша өңіраралық байланыстарды нығайту мақсатында 6440 тонна ерте пісетін көкөніс өнімдерін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісім- шарттарға қол қойылған. Соған сәйкес бүгінгі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандарында 100 гектарға қырыққабат егілді. Күздік астық көлемі – 189,3 мың гектар. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметовтің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың теңге арзан бағамен жанармай бөлінді. Оның литрі 200 — 202 теңгеден. Сала мамандары мұнай өңдеу зауыттарынан операторларға жанар-жағармайды босату жұмыстары басталғанын айтады.
Қазіргі таңда өңірімізде жер айдау, сор шаю жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі күнде жер айдау жұмыстары 337,5 мың га немесе 69% орындалды. Сор шаю жұмыстары 3,6 мың га жүргізілді. Алдағы 10 күндікте жер айдау, сор шаю жұмыстары толығымен аяқталады. «2023 жылдың өніміне егілген 189,3 мың га күздік астықтың жағдайы жақсы», — дейді сала мамандары.
Бүгінгі таңда облыста 23,9 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары бар. Олардың 93 пайызы дала жұмыстарына дайын. Оның ішінде: доңғалақты трактордың 96 пайызы, яғни 11,0 мың данасы, дән сепкіштердің 98 пайызы, яғни 1169 данасы, соқалардың 98 пайызы, яғни 500 данасы, қопсытқыштардың 97 пайызы, яғни 1036 данасы дайын.



