Шардара ауданында көктемгі дала жұмыстарына жүргізуге Үкімет тарапынан бөлінген жанар-жағармай (дизель отынын) мәселесі бойынша оператормен кеңінен талқыланды. Ағымдағы жылдың 3 наурыз күні аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиевтың және ауданға жаңадан бекітілген жанар-жағармай тасымалдаушы оператор «KZ Мұнай-2» ЖШС директоры Е.Поштаевтың қатысуымен мәжіліс өткізілді. Мәжіліске ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің қызметкері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген дизель отынмен қамтамасыз ету бойынша аудандағы шаруаларға тасымалдау, жеткізіп беру жанар-жағармай (дизель отыны) қорының көлемі және оның бағасы жайлы, биылға жанар-жағармай алудың тәсілі бойынша енгізілген өзгерістер жайлы сөз қозғалды.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев өз сөзінде Шардара ауданына 2023 жылға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген жанар-жағар майды (дизель отыны) агроқұрылымдарға бекітілген бағада сату, тасымалдау жұмыстарын уақтылы ұйымдастырып, шаруаларға тікелей жеткізу керектігін, бұл мәселе бекітілген операторларға байланысты екендігін, ал ауыл әкімдері тарапынан агроқұрылымдар арасында түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, бұл мәселені бақылауда ұстап отыру керектігін жауапты бөлімге айтып ескертті.
Өз кезегінде жанар-жағармай тасымалдаушы оператор «KZ Мұнай-2» ЖШС директоры Е.Поштаев қажетті жанар-жағармайды уақтылы жеткізуді тиісті деңгейде ұйымдастыруды қолға алатындығын, калькуляцияға сәйкес, бекітілген бағада әр литрін 206,0 теңгеден ауданға тасымалдап, босататындығын жеткізді. Сонымен қатар, биылғы шаруалардың жанар-жағармай алу тәсіліне «ПИНКОД» жүйесі енгізілгенін, яғни «Петросан» ЖШС-нан шаруалар тікелей барып тасымалдап алып келуіне немесе операторлар арқылы тікелей шаруаларға жеткізілуі туралы және де тағы да басқа мәселелер жөнінде тоқталып өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев оператордың сөзін тыңдап, Үкімет тарапынан көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 2860,0 тонна жанар-жағар май (дизель отыны) жөнінде халыққа кеңінен хабарлауды осы тұрғыда тиісті жұмыстарды атқару керектігі жөнінде жауапты бөлімге тапсырма беріп, кездесуді қорытындылады.



