Қазіргі таңда өңірімізде Үкімет тапсырмасына орай азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Солардың бірі жәрмеңкелер өткізіп, халықты арзан азық-түлікпен қамту болса, екіншісі Тұрақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылуда. Мәселен, Түркістан қаласында «ЭКО базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Мұнда апта сайын аудандардан ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, тұтынушыларға базардағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынып келеді.
Айта кетейік, осыдан үш-төрт жыл бұрын Үкімет тапсырмасына орай облыстарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қорлар ашылып, бағаны тұрақтандырудың механизмі қарастырыла бастаған болатын. Өңірімізде де азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын қалыптастыру және оны пайдалану механизмдері бекіту шаралар қолға алынған болатын. «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаеваның айтуынша, бүгінгі бағаны нарық, базар белгілейді. Соған қарамастан, олар жұмыс істеп жатырмыз. Жыл басында осы есеп бойынша 190 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының бір айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд. теңге көлемінде жергілікті бюджеттен қаржы сұралған екен. Мамыр айында бұл мәселе облыстық мәслихат сессиясында қаралып, 1 млрд. теңге бөлу туралы шешім шығыпты.
— Аталған қаражат ӘКК-нің есепшотына маусым-шілде айларында түсті. Бұл қаражатты бірқатар маңызды азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға: нақты айтқанда, нарықта бағасы шарықтап кеткен қант бағасын тұрақтандыруға жұмсадық. Яғни айналым схемасы бойынша көтерме сауда ұйымы «Алға компани» ЖШС-ға 214,2 млн. теңге көлемінде қарыз берілді. Соның нәтижесінде өңірдегі көптеген дүкендерге тонналап қант жеткізіліп, жәрмеңкелерде сатылып, бүгінде қант бағасы біршама тұрақтанды. Қазір қант бағасы 420 теңгеден сатылуда. Одан кейін осы айналым схемасымен екінші займды біз «Әбеке» шаруа қожалығына 13,8 млн. теңге көлемінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру үшін бердік. Қазіргі нарықта жұмыртқаның данасы – 55-62 теңге аралығында болса, біздің әлеуметтік дүкендерде ол 37 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар, шаруа қожалығына көкөністерді (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз) арзандату үшін 230 млн. теңге қаражат берілді. Бұлардың да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен сатылуда. Картоптың келісі нарықта –140-150, сәбіз 180-200 теңге болса, әлеуметтік дүкендерде 110 теңгеден, пияз – 75, қырыққабат 70 теңгеден сатылуда. Шаруа қожалығы алған қарызы есебінен нарықтан төмен бағада сатып отыру міндеттемесін алған. Басқа да тауар өндірушілерге қарыздар беру арқылы бағаны тұрақтандыруға қадамдар жасалып жатыр, — дейді ол.
Қор басшысының айтуынша, облыс орталығында бүгінде 13 әлеуметтік дүкен бар. Бұл аздық етеді. Сондықтан өңірімізде олардың санын көбейту көзделуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды және бағаның бақылаусыз кетпеуін қадағалауды тапсырды. Дархан Амангелдіұлы, сондай-ақ, халықты қолжетімді бағадағы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтуды күшейтіп, аудан, қала әкімдіктері ауыл шаруашылығы өнімдерін еліміздің өзге өңірлеріне тікелей өткізу жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастыруды міндеттеді.
– Әрбір тауардың бағасы бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Азық-түлік бағасын бақылау, оның өсуіне жол бермеу жұмыстары әлі де көңілдегідей емес. Нақты нәтиже аз. Жәрмеңкелер де өз нәтижесін бермей отыр. 2019-2021 жылдары 14 әлеуметтік дүкен ашылып, одан кейін мұндай дүкен ашу ісі тоқтап қалған. Ондай дүкендер биыл ғана көбейгелі отыр. Осы салаға жауапты орынбасарым мен жауапты басшыларға азық-түлік бағасын негізсіз көтерудің алдын алу, мониторинг жұмысын күшейтуді тапсырамын. Қоймадағы азық-түліктердің аудан, қалаларға әділ бөлінуі, таратылуы қадағалансын. Екіншіден, Түркістан – еліміздегі ең азық-түлік көп өндірілетін, көкөніс пен жеміс-жидек көп өсірілетін әрі бағасы арзан өңір. Бірақ, статистикада қымбат аймақтар қатарында тұр. Сондықтан статистикалық сараптама жасау жұмысын да бір қарап шығу керек, — деді Дархан Сатыбалды.
Биыл белгіленген бағада сауда жасайтын әлеуметтік дүкендер санын 13-тен 50-ге жеткізу көзделген. Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізетін мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға дейін қосуға жол бермеу үшін сауда желілерімен, тауар өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен тұрақты негізде меморандумдарға қол қойылады.
Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ішінде пияздың бағасы – 145 теңге, рожки – 308 теңге, күріш 380 теңге болған. Бағаларды тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып, тиісті шаралар атқарылды.
Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің айналым схемасы мен форвардтық шарттар қатысушыларының сауда желілеріне көкөніс өнімдерін тікелей жеткізуі есебінен қаланың ірі супермаркеттерінде көкөніс бағасы төмендеді. Түркістан қаласының тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін қала аумағында 25 ірі супермаркет, 3 көтерме сауда орны және 187 дүкен қызмет көрсетуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бастапқы бағасынан 15 пайыздық үстемеақыдан асырмау қажеттігі туралы 25 әмбебап дүкен иелерімен меморандум түзілді. Өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 99,3 мың тонна қоры бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады. Облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%, жұмыртқамен 45% қамтамасыз етіледі. Осыған орай құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап, жалпы құны 17 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады. Болжам бойынша биыл 20 мың гектар жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау (200 мың тонна қырыққабат, 30 мың тоннадан астам сәбіз, 55,5 мың тонна пияз, 186,3 мың тонна картоп) жоспарлануда.
Тауар айналымы бойынша өңір- аралық байланыстарды нығайту мақсатында 19 қаңтарда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен барлық өңірлер әкімдіктері мен ӘКК өкілдерінің қатысуымен Сарыағаш ауданында ерте пісетін көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық келісімшарттар түзу жөнінде көшпелі жиналыс өтті. Жиын нәтижесінде 6 440 тонна өнімді ауыл шаруашылығы тауарын өсірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды.