Шардара ауданында мемлекет тарапынан бөлінетін қолдаулар мен несиелік жеңілдіктер тұрақты бақылауда. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №107 «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттырудың субсидиялауды бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі-Қағида) бекітілген «Тыңайтқыштардың құнын (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидиялау» ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Биылдан бастап «Қазазот» мекемесіне 50 пайыз көлемінде аудару өтінімі (переводная заявка) алынып тасталынды. Сонымен қатар аталған ережеге сәйкес облыс әкімдігінің қаулысы дайындалу үстінде. 2023 жылға Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қажетті минералды тыңайтқыштармен қолдау мақсатында «Қазазот» мекемесімен 60,0 мың тонна минералды тыңайтқыштарға сұраныс беріліп, келісім-шарт жасалынған. Қазіргі таңда 25,0 мың тонна аммиак селитрасы (бағасы 1 тоннасы-184,0 мың теңгеден) Шымкент және Сарыағаш қалаларындағы арнайы қоймаларында сақтауда тұр. «Қазазот» мекемесінің облыстағы өкілдері облыс әкімінің орынбасары Е.Кенжеханұлымен өткізілген мәжілісте өтінім түсіп, қаржысы 100 пайыз төленген жағдайда босатуға дайын екендіктерін жеткізді. Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (gosagro.kz) ағымдағы жылы іске қосылуы күтілуде.
Жанар-жағармай жөнінде айтар болсақ, аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында 2023 жылы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бөлінетін жанармайды (дизель отынын) таратушы операторларды айқындау жөніндегі облыстық жұмысшы топ комиссиясының отырысына ауданнан жанармайды (дизель отынын) таратуға ауданнан екі жанар-жағармай тасымалдаушы кәсіпкерлік тұлғалар қажетті құжаттарымен ұсынылып, «КазРоснефть» ЖШС ( Ш.Райымбек), және «Майсс» ЖШС (Т.Алсатов) жеңімпаз (оператор) болып танылды.
Сонымен қатар, ауданға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 2860,0 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлініп, 1 литр бағасы 202,0 теңге болып белгіленді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді несиелендіру жұмыстары. Ауыл шаруашылығын тауарын өндірушілерді қаржылай қолдау мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан 4,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда аудандағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан жүргізілетін көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында несиелік оператор «Ырыс» МҚҰ арқылы 37 агроқұрылымға 193,0 млн теңге несие берілді, сондай-ақ 48 шаруаның құжаттары (жалпы сомасы: 256,0 млн теңге) несие беруге комитетінде қаралуда. Қосымша несие қаржыландыру жұмыстары өз деңгейінде жалғасын табатын болады.
Реті келгенде айта кетейік, облыста былтыр 72,3 мың тонна минералды тыңайтқыш 50% жеңілдікпен тауар өндірушілерге жеткізілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 96 мың тонна жанар-жағармай босатылды.
Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді.
Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді. Шитті мақтаның түсімділігі гектарына 2,4 центнерге артып (гектарына 28,6 центнерден), 362,0 мың тонна «ақ алтын» жиналды.
Облыста қарқынды бау 4,7 мың гектарды құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баудан гектарына 300-350 центнер өнім алынуда. Республика халқын отандық өнімдермен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша да облыс алдыңғы қатарда, өндірілген мақтаның – 100%-ы, жүзімнің – 76%-ы, бақшаның –
64%-ы, жеміс-жидектің – 40,0%-ы, мақсарының – 29%-ы, жүгерінің – 26%-ы, көкөністің 25%-ы Түркістан облысының үлесінде. Аграрлық салада еңбек өнімділігін арттыру, суармалы су тапшылығын төмендету мақсатында жылыжай шаруашылықтарын дамыту және су үнемдеу технологияларына көшу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.



