Сарыағаш ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 31 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 млрд. теңгеге артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 27 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10 млрд. теңгеге артып отыр. Былтыр 1,4 млрд. теңгеге жаңа 2 инвестициялық жоба іске асырылған. Ауыл шаруашылығы саласында 119 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.
Жалпы ауыл шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету жалғасып, ауданда биыл да маңызды жобалар жүзеге асырылады деп күтіліп отыр. Осыған орай жақында аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан кәсіпкерлерін және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай қолдау бағдарламаларына баулу және сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу бойынша жиын өтті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов ашып жүргізіп отырды. Аталған жиынға Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі, «Түркістан» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ директоры С.Құрбанов, «Аграрлық несие корпорациясы» Түркістан облысы бойынша филиалы директорының мониторинг бойынша орынбасары А.Мүйтембаев, «Ырыс» микроқаржы ұйымы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары А.Нурлыбаев, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Түркістан облыстық филиалының өкілі, ауданның зиялы қауым өкілдері, қала, кент, ауылдық округ әкімдері және агроқұрылым төрағалары мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Онда кәсіпкерлерді және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай қолдау бағдарламаларына баулу және сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу бойынша құрылған топ мүшелері аудан кәсіпкерлерінің және кәсібін жаңадан бастайтын, кәсіпкерлік бастамасы бар халықтың табысын арттыру жобасын жүзеге асыру үшін аудан көлемінде ерекшелігін және әлеуетін, қандай бағыттағы кәсіптің түрін баулу тиімділігін, бағдарлама бойынша несиелендірудің басым бағыттарын айтып өтті. Сонымен қатар, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға топ мүшелері тарапынан нақты жауаптар берілді.
Жалпы Сарыағаш ауданының экономикасының негізгі драйверы – ауыл шаруашылық саласы. Аудан аумағында орналасқан 683,2 гектар жылыжайларда негізінен қызанақ, қияр, болгар бұрышы, көкот (зелень), баклажан, түсті қырыққабат, құлпынай және гүлдер өсіріліп келеді. Солардың бірі — Қабланбек ауылдық округі аумағындағы орналасқан «Занджаниджад» шаруа қожалығы. Кәсіпкер 1,5 га аумақта жылыжай тұрғызып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Қызанақ өсірумен айналысатын жылыжай бүгінгі таңда 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жылыжайда жылына 200 тонна қызанақ пісіп-шығарылады.
Сонымен қатар, қазір өңірде 1 алқаптан 2 өнім алу жобасы аясында шаруалар белсенді жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда бүгінгі таңда еңбекқор шаруалар қырыққабат көшеттерін отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Ерте өнім беретін қырыққабат дақылын егу науқанына қазірдің өзінде біршама шаруалар қатысып, қызу жұмыстар жүруде. Егінді ерте бастағандардың бірі Жартытөбе ауылдық округіндегі «Мерей» шаруа қожалығы. Бүгінгі таңда шаруа қожалықтың төрағасы Базаркүл Маханованың еншісіндегі жерге қырыққабат дақылы егіліп жатыр. Жалпы саны 8 адамнан құралған шаруа қожалық ақпанның әрбір күнін тиімді пайдаланып, жауын-шашынға қарамастан жұмыс істеуде. Өнім негізінен 3 айдың көлемінде пісіп жетіледі. Ерте пісетін өнім түріне сұраныс көп болғандықтан, шаруалар мамырға жетпей өнім алуды көздеп отыр.
Айта кетейік былтыр облыста ауылшаруашылығы саласындағы өнім көлемі 1 036,6 млрд. теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 100 млрд. теңгеге артық орындалды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 74,7 млрд. теңге инвестиция тартылды немесе өсім +18,7% болды, тамақ өнеркәсібіне 10,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, өсім +7,4%-ды құрады. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіптік кешен саласында 19,5 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 671 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 30,3 млрд. теңге бөлініп, 25 112 агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне қолдау көрсетілді. Егіс көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14,4 мың гектарға артып, 859,9 мың гектарға егін егілді (2021 ж. – 845,5 мың га).
Агротехникалық іс-шараларды тиісті деңгейде жүргізудің нәтижесінде дәнді дақылдар түсімділігі гектарына 4,9 центнерге артып (гектарына 24,8 центнерден), 778,0 мың тонна өнім өндірілді. Көкөніс, бақша, картоп дақылдарының түсімділігі гектарына 9,5 центнерге артып (гектарына 239,4 центнерден), 2,9 млн. тонна өнім өндірілді. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағдарламасы бойынша 123 ауыл округінде 8,4 мың гектарды құрайтын 2 911 жоба жүзеге асырылып, 294 мың тонна өнім өндірілді.



